Бұл туралы биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелеріне арналған ауыл шаруашылығы кеңесінде айтылды, деп хабарлайды «КазахЗерно.kz».
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында биыл саланы қаржылық қолдаудың барлық бағыттары сақталған.
Егіс алқабы 5 миллион 173 мың гектарды құраса, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 27,6 миллиард теңге субсидия бөлінді.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 78,9 млрд теңгені, ХҚҰ – 137,9% құрады. Азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция 10,9 млрд теңгені құрады.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 22,9 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге өсті.
2022 жылы өнімді қолайлы жылдар деңгейінде – өнімділік, жалпы өнім және басқа да көрсеткіштер бойынша қамтамасыз ету міндеті қойылды. Осыған орай, егіске дейін қалған кезеңде күш салу қажет, барлық материалдық-техникалық, қаржылық мүмкіндіктер көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде дайындауға және өткізуге бағытталуы керек.
Тимур Туркестанов