Сақтаулы астықты зақымдайтын зиянкестердің түрлері және олардан қорғау шаралары

Ғ.Б. Сәрсенбаева, а.ш.ғ.к. «Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ» [email protected]

Егін жақсы шығып, көп астық алдық делік, енді соны сақтау, келесі жылға тұқымға дайындау әр шаруашылықтың парызы.

Ол үшін қоймадағы дәнді дақылдарға зиян келтіретін зиянкестерді жақсы білу керек. Қазақстан аймағындағы қоймаларда ғалымдардың мәліметтері бойынша 100-ден астам түрлері мекендейді. Солардың ішінде кең таралған негізгі түрлері 60-тан астам. Қойма зиянкестері сақтаулы астықты елеулі шығынға ұшыратады – дәннің салмағын азайтып, тұқымның өнімділігін және сапасын төмендетеді, ылғалданған астықтың қызуына, «картоп қоздырғышының» және «қатты бидай» спорасының таралуына себепші болады.

Қоймадағы зиянкестер мөлшері мен тигізетін залалы тіршілік ететін орта жағдайына: ылғалдылық, жылылық, суықтық, өнімді сақтау ұзақтығы және қойманың тазалығына байланысты.

Зинкестер қоймадағы астықты жеп бүлдіреді. Соның кесірінен тұқымның шығымдылығы азаяды. Адамның және малдың улануы мүмкін.

Бізтұмсықтар тұқымдасынан 2 түрі – қамба және күріш бізтұмсығы кездеседі. Қазақстанның барлық аймағындағы қоймаларда кездеседі. Өте қауіпті зиянкестер. Бүтін дәндерді тесіп, ұрық бөлігін зақымдайды. Сапасын төмендетіп, өну қуаттылығын, өнгіштік қасиетін төмендетеді. Қоңыздар бидай, арпа, сұлы, күріш, тары, жүгері дәндерін, астық тұқымдас шөптердің тұқымдарын, әр түрлі жармалар мен ұннан жасалған тағамдарды зақымдайды.

Қара денелілер тұқымдасынан 9 түрі кездеседі. Олардың ішінде жиі кездесетін  түрлері – кіші, үлкен және шоқпар мұртты ұн қоңызы. Зиянкестердің ересек қоңыздары да, балаңқұрттары да зиян келтіреді. Олар астық дәндерімен, кептірілген нан, жемістермен қоректенеді. Қазақстанның барлық аймағындағы қоймаларда кездеседі.

Тері жемірлер тұқымдасынан – күрең, тері, Шеффер, кілем, Фриша, Капр, Тянь-Шань тері жемірлері, айнымалы трогодерма – сыра зауыттарынан және ауыл қамбаларынан, мұнара қоймалардан алынған астық, ұн сыпырындыларынан, өрмекші торларынан, астық қалдықтарынан алынған сынамалардан табылды. Аса қауіпті зиянкестер. Суыққа өте төзімді. Жас балаңқұрттары уатылған дәндермен және ұнмен қоректенсе, ересек балаңқұрттары тұтас дәндердің ұрық бөлігін кеміріп жеп, одан дәннің ішіне еніп, оның эндоспермасын зақымдайды.

Жалпақ денелер тұқымдасы – қызғыш, түрік, суринам және кіші ұн жемірі. Бұл зиянкестер кең таралған. Қоңыздары мен балаңқұрттары ұнды, ұннан жасалған азықтық тағамдарды, әр түрлі жармаларды, кептірілген жемістерді және астық дәндерін қатты зақымдайды.

Қулық қоңыздар тұқымдасынан сыра зауттарының сынамаларынан күрең, түкті, уақ қулық қоңыздары, ал шөп тұқымдары сақталған қамбалардан алынған сынамалардан бір түрі табылды, ол – ұры қоңыз. Көп қоректі зиянкес. Қоңыздары суыққа төзімді келеді. Астық дәндерін, олардан жасалған өнімдерді, кептірілген жемістерді, мақта тұқымын, етті, тағы басқаларын зақымдайды.

Нағыз күйелер тұқымдасынан бір түрі – астық күйесі табылды. Олар бидай, арпа, сұлы, астық өнімдерін, қытайбұршақ, бақша дақылдарының тұқымдарын, кептірілген нанды зақымдайды. Қатты зақымдалған астық дәндеріне тұқымдыққа, не тамаққа, тіпті малға азық ретінде де пайдалануға жарамайды. Жұлдызқұрттары дымқылдығы жоғары азық-түлікті ұнатады.

Тескіш қоңыздар тұқымдасынан астық тескіш табылды. Қоңыздары қоректенбейді. Балаңқұрттары дәнді тесіп, ішіне кіріп эндоспермасын зақымдайды.

Қамба бізтұмсығы, жағалай тараған қоңызы мен балаңқұрт зиян келтіреді. Бидай, арпа, сұлы, тары, жүгері, бұршақ тұқымдастарды және ұн мен ұнтақтарды зақымдайды. Дәнді-дақылдардың салмағы ғана кеміп қоймай, ондағы улы экскременттердің әсерінен тамаққа жарамсыз болып қалады. Оны пайдаланғанда адам немесе мал уланып қалуы мүмкін.

Қамба күйесі немесе нан күйесі барлық жерде таралған. Көбелегі желдетілмеген қамбаларда және басқа да дымқыл жерлерде өмір сүреді. Жұлдызқұттар дәнді дақылдардың үйіндісінің жоғарғы жағына 7-10 см тереңдікте өмір сүреді. Бір жылда 2-3 ұрпақ әкеледі. Дәнді шөп тұқымдарына зиян келтіреді. Жас ұрпағы дәннің ішіне кіріп алып, ішін қуыстап жейді. Үлкен ұрпақтары дәнмен қоректенеді де сосын өрмек құрады, сондықтан тамаққа жарамай қалады.

Зиянкестердің ішінде ең көп кездесетіні – кенелер. Олардың ішіндегі ең қауіптісі ұн және ұзынша кенелер. Астық дәндерін, жарма, ұн, күнбағыс, зығыр және тағы басқасын зақымдайды.

Ұн кенесі барлық жерде таралған. Астық қоймаларында, диірмендерде, қырмандарда, сабандарда кездеседі. Ұн кенесі дәндерді, ұнды, кебектерді, жемістерді, көкөністерді ішінен кеміріп жейді.

Қоймалардағы дәнді-дақылдарды сақтау үшін профилактикалық (алдын алу), физикалық және химиялық жұмыстарды жүргізу керек. Қыс айларында дәнді-дақылдарды бір жерден екінші жерге ауыстырып желдетіп отыру керек. Көктемде қойма астықтан босағаннан кейін оны тазартып, қабырғаларын, төбелерін ақтау керек. Қойма маңайындағы қоқыстарды жинап, өсімдік қалдықтарын 40-50 см тереңдікте көміп тастау қажет.

Қойма ішіндегі көгершін, торғай ұяларын, кеміргіштердің індерін құрту керек. Онда астық зиянкестері сақталуы мүмкін. Қойма маңайын асфальттап, судың жиналуын болдырмай тегістейді. Ол үшін су ағатын арық қазып қою керек.

Қоймадағы астық зиянкестерін құрту үшін қойманы дымқыл, аэрозольдық газбен өңдеу қажет. Ол жұмыс арнайы лицензиясы бар отрядпен жүргізіледі. Міндетті түрде зиянкестерге қарсы іс-шараларды өткізгенде техникалық қауіпсіздік шаралары орындалуы тиіс.

Астық өнімдерін тамаққа пайдаланбас бұрын оның құрамындағы фумиганттардың қалдық санын тексеруден өткізу керек.

Rate article
КазахЗерно
Пікір үстеу