Күріш дақылының карантинді аурулары

Күріш – көне заманнан бері өсіріліп келе жатқан дақылдардың бірі. Күріш сіңімділігі өте жоғары азық. Күріш жармасы көмірсу, ақуыз, май, фосфор, дәрумендер мен минералды тұздарға өте бай. Шамамен 1 кг жармада 3600 калория болады. Елімізде күріш егіншілігі Сырдария, Қаратал мен Іле өзендерінің төменгі ағысындағы алаптарда жақсы дамыған. Жыл сайын 105-110 мың гектар күріш егіледі. Қызылорда облысында егінді алқаптың 80-85 пайызы орналасқан.

Күріш дақылы егісінен жоғары және сапалы өнімді ұдайы түрде тұрақты алып отыру үшін егілетін сорттарға зор көңіл бөлу керек. Ұзақ жылдар бойы егіліп жүрген және биологиялық потенциалы төмендеген күріш сорттарын жоғары өнімділік, сапалы өнім беретін инновациялық сорттармен ауыстырып отыру қажет. Күріш өндірісін қарқынды дамыту үшін дақылды өсіру технологиясы аурулар мен зиянкестермен күрес шараларына аса зор көңіл бөліп, оны интенсивтендіру жолдары қарастырылуда.

Өсімдік аурулары мен зиянкестері ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігінің 20-30 пайызға дейін азаюына әсер етеді. Күріш дақылында да, әсіресе эпифитотия жылдарында біршама шығындар болады.

Күріш дақылының өнімділігіне бактериялық аурулар біршама зиян келтіретін. Ең көп таралған, зиянды және зерттелген ауру түрінің бірі-бактериялық күйік (қоздырғышы – Xanthomonas campestris p.v. oryzae, Uyeda et Ishiyama, Dye 1978, синонимы X. oryzae, Uyeda et Ishiyama, 1922, Dowson). Азияның тропикалық аймақтарында кең таралған бактериялық ауру түрі – бактериялық жолағы (қоздырғышы – Xanthomonas campestris p. v. oryzicola, Fung et al., 1957, Dye, 1978). Бактериялық күйік ауруынан келетін шығын өте жоғары. Мысалы, Үндістанда бұл күріш түсімінің жыл сайын 5-90 пайызға төмендеуіне әкеледі.

Күріш дақылының бактериялық күйік және бактериялық жолағы аурулары елімізде карантинді ауру түрлеріне жатады.

Бактериоз немесе бактериялық күйік – бұл тамыр ауруының бір түрі. Ауру түрі күріш дақылын вегетациялық кезеңнің барлық фазасында залалдауы мүмкін. Әсіресе, аталған дақыл масақтану фазасында ауруға көп шалдығады. Төменгі жапырақтардың жиектері немесе түтікше араларын бойлай ауру алдымен сулы, содан кейін майлы, мөлдір дақтар түрінде пайда болады. Олар біртіндеп ұлғайып, ұзынша қоңыр жолақтарға айналады.

Кейін дақтар жоғарғы жапырақтарда, сабақтарда және масақтарында пайда болады. Масақ қабықшасы мен дәндерде бұлыңғыр дақтар пайда болады. Дақтар мен жолақтарда таңертең немесе кеш мезгілінде бактериялық экссудаттың ақ бұлтты тамшылары пайда болады. Олар құрғаған кезде сары түсті  қабықшалар пайда болады. Кейде жапырақтары ширатылып, қурап қалады (сурет 1).

Сурет 1 – Күріш жапырағындағы бактериялық экссудат

Бактериялық күйіктің басқа формаларында өсімдіктердің жапырақтары толығымен ширатылып, сарғайып, қурап қалады. «Крезек» деп аталатын зақымданудың бұл түрі тропикалық елдерде жиі кездеседі. Бұл патогеннің штамдарынан зардап шеккен өсімдіктер аз уақыт ішінде тіршілігін тоқтатады.

Негізгі инфекция көзі – залалданған тұқымдар мен толық шіріп бітпеген өсімдік қалдықтары.Бактериялық күйік ауруы қоздырғыштары жәндіктер арқылы таралуы туралы да деректер бар. Атап айтқанда, Leptocorsia acuta Thunb қандаласы Үндістандағы күріш дақылдарында олардың тасымалдаушысы екендігі дәлелденді.

Бактериялық күйіктің дамуына жоғары температура ықпал етеді. «Крезек» белгілері 30°C-та инокуляциядан 10 күн өткен соң пайда болады, ал 20°C-та тіпті 40 күн ішінде де ауру белгілері білінбеуі мүмкін. Ауру шілде айында 200 мм-ден астам жауын-шашын түсетін, орташа тәуліктік ауа температурасы 24°C-тан жоғары жерлерде басым болады. Аурудың дамуы топырақта азот, кремний және магний мөлшерінің артық болуымен, сондай-ақ фосфор мен калийдің жетіспеушілігімен күшейеді.

Бактериялық күйікпен күресудің негізгі әдісі – төзімді жаңа сұрыптарын өсіру.

Бактериялық жолақ ауруы әдетте жас өсімдіктерде кездеседі. Алдымен көлемі 3-5×0,1–1 мм болатын кішкентай мөлдір жолақтар түрінде белгілері пайда болады. Біртіндеп жолақтар ұзындығы 15-17 мм және ені 0,5–2 мм-ге дейін ұлғаяды. Бірте-бірте жолақтар сарғайып, кейін қоңыр түске айналады, жапырақтары жойылады. Жапырақтың залалданған бөліктерінде таңғы мезгілде экссудат пайда болып, кеуіп, ұсақ сары түйіршіктерге айналады (сурет 2).

Сурет 2 – Күріш жапырақтарының бактериялық жолақ ауруымен залалдануы

Бактериялық күйіктен бактериалды жолақтың ерекшелігі – паренхималық тіндер залалданады, ал жапырақ қынаптары мен өсімдіктердің тамыр жүйесіне әсер етпейді.

Негізгі инфекция көзі – залалданған тұқымдар және өсімдік қалдықтары. Сонымен қатар, бактерия ирригация суымен, жаңбыр, желмен таралады.

Ауа температурасы + 26 + 30°C, салыстырмалы ылғалдылығы 80-90 пайыз жағдайында аурудың дамуына өте қолайлы жағдай туындайды.

Бактериялық жолақ ауруынан өнімділік 5-30 пайызға немесе одан да көп азаюы мүмкін.

Ауруға қарсы алдын-алу (профилактикалық) және агротехникалық шараларды сақтау маңызды, бірақ негізгісі төзімді сорттарды өсіру. Тұқыммен және басқа материалмен инфекцияның тасымалдануына жол бермейтін карантиндік шараларды қатаң сақтау қажет. Қазіргі күні елімізде күріш дақылының карантинді ауру түрлерінің тіркелуі туралы деректер жоқ.

Сардар А.А., Умиралиева Ж.З., Болтаева Л.А., Сәрсенбаева Ғ.Б.

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми – зерттеу институты

Rate article
КазахЗерно
Пікір үстеу