Қазақстанда өсімдіктерді биологиялық жолмен қорғау жолдары

Елімізде ауыл шаруашылығы өсімдіктерін зиянды организмдер кешенінен қорғау тек химиялық препараттардың көмегімен ғана жүзеге асырылып келеді. Химиялық пестицидтерді қолданудың адам ағзасына, қоршаған ортаға кері әсері баршаға мәлім, яғни табиғаттың ластануы, зиянкестердің препаратқа деген төзімділігінің күшеюі.

Пестицидтерді жүйелі пайдалануға байланысты мәселелердің барлық маңыздылығын ескере отырып, институт ғалымдары соңғы жылдары өсімдіктерді қорғаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін, оның ішінде биопрепараттарды әзірлеуге басты назар аударуда. Қазақстанда XXI ғасыр басталғанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен күресу үшін биопрепараттарды әзірлеу жөніндегі зерттеулер тек қана фрагменттік сипатта болды.

Соңғы он жылдықта Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты қызметкерлері Бүкілресейлік өсімдіктерді қорғау ғылыми зерттеу институты мен жануарлар систематикасы және экологиясы иституттарымен тығыз қарым қатынаста болып, қарқынды жұмыс нәтижесінде өсімдіктерді микробиологиялық  қорғау саласында бірлесе, белгілі бір прогреске қол жеткізді. Осы кезеңде энтомопатогенді микроорганизмдер қоздырғыштарынан қырылған бунақденелілерден   бөлінген штаммдарды көбейту негізінде, коллекцияны жаппай толықтыруға бағытталған қарқынды бірлескен жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі уақытта белсенді экспедициялық қызмет нәтижесінде институттың коллекциясында табиғи ошақтардан Beauveria, Isaria және Metarhizium энтомопатогенді саңырауқұлақтарының 325 аборигенді штаммдары және Bacillus thuringiensis тобының 47 жергілікті штаммдары жиналды.

Институттың коллекциялық қоры Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарынан үнемі жаңа изоляттармен толықтырылып отырады. Бөлінген изоляттарды түр құрамына қарай сәйкестендіру тек қана классикалық әдістермен ғана емес, сонымен қатар Ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, қазіргі заманауи молекулярлық –генетикалық маркерлерді пайдалана отырып жүргізілуде. Мысалы, соңғы жылдары Бүкілресейлік өсімдіктерді қорғау ғылыми зерттеу институтының мамандарымен бірлесе   100 ден астам энтомопатогенді саңырауқұлақтардың штаммдарын генотиптеу жүргізілді, ол белгілі бір географиялық аймағына қарай, туыстық ішкі түрлерін анықтауға мүмкіндік берді.

Энтомопатогенді микроорганизмдерді кешенді қолдану барысында отандық биоинсектицидтерді жасау жүзеге асырылуда. Қарқынды жұмыс негізінде ағаш және жеміс-көкөніс дақылдарына қарсы Bacillus thuringiensis var 2127-3к штаммының негізінде 2007 жылы алғашқы отандық биопрепарат жасалды. 2009 жылдан бастап биопрепарат «Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер (улы химикаттар) тізіміне» енгізілді.

 Биопрепараттың биологиялық тиімділігі (80-100%) химиялық инсектицидтерден кем болмайды. Қолдану шеңбері  өте кең, 40-тан астам қабыршақ қанатты зиянкестерге қарсы қолдануға болады.

2011 жылы, жергілікті алма қара күйесінен табылған Bt. var. kurstaki бактериясынан бөлінген К-Ym07/КБ штаммының негізінде отандық Ларвибакт, с.п. биопрепараты жасалды.

Жылдар бойы отандық микоинсектицидтер жасау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын энтомопатогенді микроорганизмдер топтамасы (коллекция) жаңартылуда. Қазіргі уақытта Beauveria туысының саңырауқұлақ штаммдарын ауылшаруашылық зиянкестеріне қарсы яғни шегіртке, колорадо қоңызы қарсы жаппай скринингтеудің нәтижесінде жаңа биопрепараттар жасау үшін, ортаның абиотикалық факторларына төзімді жаңа қазақстандық перспективті штаммдар іріктелуде.

Отандық биологиялық препараттар жергілікті жағдайларға бейімделген микрорганизмдер негізінде жасалғандықтан, зиянкестерге тиімді әсер етуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, зиянкестермен күресуде химиялық пестицидтерді қолдану біршама төмендеп биологиялық отандық препараттар қоршаған ортаның экологиялық  белсенділігін күшейтеді. Осылайша, биологиялық препараттар Қазақстандағы өсімдіктерді зиянкестерден қорғаудың интегралды жүйесін құрудың негізгі элементтері болып табылады.

«Ж. Жиембаев атындағы Казақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты», Успанов Ә.М., Смагулова Ш.Б., Сәрсенбаева Ғ.Б.

Rate article
КазахЗерно
Пікір үстеу